Apple қолдау көрсету қызметінен маман кеңесі
Apple қолдау көрсету қызметінің кеңесшілері iPhone тұтынушыларына құпиясөзді ұмытудан бастап телефонды жоғалтып алуға дейінгі сұрақтардың барлық түрі бойынша көмектеседі. Төменде Apple қолдау көрсету қызметі кеңесшілерінің ойынша барлық iPhone иесі білуге тиіс кеңестер берілген. iPhone құрылғыңыз бен онда сақтайтын ақпаратыңыздың қауіпсіздігін сақтау үшін осы қарапайым қадамдарды орындаңыз.
Ұмытып қалған жағдайда
iPhone құрылғыңызды баптағаннан кейін, мына екі нәрсені еш ұмытпауыңыз керек: iPhone құпиякодыңыз және Apple аккаунтыңыздың ақпараты. Сіздің iPhone құпиякодыңыз — сіз iPhone құрылғыңыздың құлпын ашу үшін пайдаланатын төрт немесе алты цифрлы сандық код. Apple аккаунтыңызды Apple сервистеріне кіру, App Store дүкенінде сатып алу және т.б. қызметтер алу үшін пайдаланасыз. Apple аккаунтыңыз әдетте негізгі электрондық поштаңыздың мекенжайы немесе телефон нөміріңіз және онымен пайдалану үшін жасаған бірегей құпиясөзіңіз болады.
Егер бұларды ұмытып қаламын деп ойласаңыз, сенімді бір адамды аккаунттың қалпына келтіру контактісі етіп тағайындауыңызға болады. Қалпына келтіру контактіңіз iPhone құрылғыңызға немесе Apple аккаунтыңызға кіре алмайды, бірақ құрылғыңыз құлыптанып қалған жағдайда құпиякодыңызды бастапқы күйге қайтару немесе аккаунтыңызға кіру үшін сізге код бере алады. Қалпына келтіру контактісін тағайындау үшін, «Реттеулер» > [аты-жөніңіз] > «Кіру және қауіпсіздік» > «Аккаунтты қалпына келтіру» тармағына өтіп, «Қалпына келтіру контактісін қосу» пәрменін түртіңіз, содан кейін экрандағы нұсқауларды орындаңыз.
iPhone жоғалған немесе ұрланған жағдайда оны қалай табуға болады
iPhone құрылғыңыз жоғалған немесе ұрланған жағдайда оны табу оңай: ол үшін мұндай жағдай болмай тұрып «iPhone құрылғымды табу» функциясын қосып қоюыңыз керек. Алдымен міндетті түрде Apple аккаунтыңызға кіріңіз, содан кейін «Реттеулер» > [аты-жөніңіз] > «Локатор» > «iPhone құрылғымды табу» тармағына өтіңіз, содан кейін «iPhone құрылғымды табу» функциясын қосыңыз.
«iPhone құрылғымды табу» функциясын қосқаннан кейін, iPhone құрылғыңыздың геолокациясын көру үшін басқа бір Apple құрылғысындағы Локатор қолданбасын пайдалануыңызға болады; тіпті жоғалған iPhone құрылғыңызды табуға көмектесу үшін одан дыбыс ойнатуыңызға болады. (Басқа Apple құрылғысында міндетті түрде бірдей Apple аккаунтымен кіріңіз.) Егер сізде басқа Apple құрылғысы болмаса, кез келген веб-браузерде www.icloud.com/find сайтына өтіп, бірдей Apple аккаунтыңызға кіріңіз.
Жойылған фотоларды немесе видеоларды қалпына келтіру
Фотолар қолданбасынан фотоларды немесе видеоларды жойған кезде, олар автоматты түрде «Жақында жойылғандар» альбомында 30 күн сақталады. Егер бір фотоны немесе видеоны абайсызда жойып алсаңыз, оны қалпына келтіріп, «Фотолар» медиатекаңызға қайтарып алуыңызға болады.
Жойылған элементтерді қалпына келтіру үшін «Фотолар» қолданбасын ашыңыз, «Жақында жойылғандар» түймесін түртіңіз («Утилиталар» түймесінің төменіндегі), одан кейін «Альбомды көру» түймесін түртіңіз. Альбомның құлпын iPhone құрылғыңыздың құпиякодымен, Face ID немесе Touch ID арқылы ашыңыз. Бір фотоны немесе видеоны түртіп, «Қалпына келтіру» пәрменін, одан кейін «Фотоны қалпына келтіру» немесе «Видеоны қалпына келтіру» пәрменін түртіңіз.
iPhone аккумуляторының жұмыс мерзімін барынша ұзарту
iPhone құрылғыңыздағы аккумулятордың қызмет мерзімін сақтау үшін бірнеше оңай шараны қолдануыңызға болады. Алдымен міндетті түрде iPhone құрылғыңызды iOS жүйесінің соңғы нұсқасына жаңартыңыз. БЖ жаңартуы бар-жоғын тексеру үшін, «Реттеулер» > «Жалпы» > «БЖ жаңартуы» тармағына өтіңіз.
Одан кейін, бар болған жағдайда, әрқашан Wi-Fi желісіне қосылыңыз; Wi-Fi қосылымы аккумулятор зарядын ұялы байланыс қосылымына қарағанда азырақ пайдаланады.
Соңында, экраныңыздың жарықтығын азайтыңыз: Басқару орталығын ашып, басқару элементін сүйреңіз. Айналадағы жарыққа қарай экранды автоматты түрде қараңғылау үшін, «Реттеулер» > «Әмбебап қол жеткізу» > «Дисплей және мәтін өлшемі» тармағына өтіңіз, содан кейін «Авто жарықтық» функциясын қосыңыз.
iPhone құрылғыңыздағы аккумулятордың күйі туралы қосымша мәлімет алу үшін, «Реттеулер» > «Аккумулятор» тармағына өтіңіз.
Егер жаңа телефон нөмірін алсаңыз
Apple аккаунтыңызбен байланысты телефон нөмірі жиі жеке басыңызды және iPhone құрылғыңыз шынымен сіздікі екенін растау үшін пайдаланылады — ол сенімді телефон нөміріңіз деп аталады. Егер жаңа телефон нөмірін алсаңыз, Apple аккаунтыңыздың құпиясөзін ұмытып қалған немесе жаңа iPhone құрылғысына көшкен жағдайда аккаунтыңызға кіру мүмкіндігінен айырылып қалмау үшін, міндетті түрде сенімді телефон нөміріңізді жаңартыңыз.
Сенімді телефон нөміріңізді жаңарту үшін, «Реттеулер» > [аты-жөніңіз] > «Кіру және қауіпсіздік» тармағына өтіңіз, содан кейін «Эл. пошта мекенжайы және телефон нөмірлері» реттеуінің жанындағы «Өңдеу» пәрменін түртіңіз. «Эл. пошта немесе телефон нөмірін қосу» опциясын, содан кейін «Телефон нөмірін қосу» пәрменін түртіңіз. Жаңа телефон нөміріңізді енгізіп, жаңа нөміріңізді растау үшін экрандағы нұсқауларды орындаңыз.
eSIM туралы барлық ақпарат
eSIM — ұялы байланыс операторыңызға қосылатын iPhone құрылғыңыздың ішіндегі нақты SIM картасының цифрлық нұсқасы. eSIM картаңыз бар болса, жаңа iPhone құрылғысын алған кезде, SIM картаңызды ауыстырып салу қажет болмайды және жаңа ұялы байланыс операторларына үйде отырып немесе жолда жүріп-ақ оңай қосылуға болады. iPhone 14 немесе одан кейінгі үлгісін Америка Құрама Штаттарында сатып алсаңыз, iPhone құрылғыңыз ұялы байланыс операторыңызға eSIM арқылы автоматты түрде қосылады.
Егер iPhone құрылғыңыздың ішіндегі ақпаратты толық өшірсеңіз немесе оны сақтық көшірмеден қалпына келтірсеңіз, я болмаса eSIM картаңызды абайсызда жойып алсаңыз, iPhone құрылғыңызда ұялы байланыс жоғалуы мүмкін; оны қалпына келтіру үшін ұялы байланыс операторыңызға хабарласуыңыз қажет болады.
Қосымша мәлімет керек пе?