Шолып шығыңыз: M2 чипі бар MacBook Air
Ескертпе: Бұл нұсқаулық қазір жеткізіліп жатқан MacBook Air үлгілеріне арналған. Сізде қандай үлгі бар екенін білмесеңіз немесе басқа үлгілерге арналған ақпарат пен құжатты табу үшін MacBook Air компьютеріңіздің үлгісін анықтау атты Apple Support мақаласын қараңыз.
M2 чипі бар 13 дюймдік және 15 дюймдік MacBook Air үлгілерінде келесі мүмкіндіктер бар:
Thunderbolt / USB 4 порттары: Компьютеріңізді зарядтаңыз, деректерді Thunderbolt 3 және USB 4 жылдамдықтарында (40 ГБ/сек.-қа дейін) тасымалдаңыз, мониторға немесе проекторға қосылыңыз және т.б. әрекеттерді орындаңыз. Порттар iPad немесе зарядталатын сенсорлы тақта немесе пернетақта сияқты құрылғыларды да зарядтай алады.
MagSafe 3 порты: MacBook Air батареясын зарядтау үшін берілген USB-C қуат адаптерін қосыңыз. Батарея зарядтауды қажет еткенде индикатор шамы сары түсті болып, ал толық зарядталғанда жасыл түсті болып жанады. M2 чипі бар MacBook Air компьютеріңізді қосымша 70 Вт USB-C қуат адаптерімен—шамамен 30 минутта 50 пайызға дейін—тез зарядтаңыз.
3,5 мм құлақаспап ұясы: Сүйікті музыкаңызды немесе фильмдеріңізді тыңдау үшін стерео құлақаспапты немесе сыртқы динамиктерді қосыңыз. Керек десеңіз, сандықты аналогтыққа түрлендіргіші немесе күшейткіші жоқ жоғары қарсылықты құлақаспаптарды қолдануыңызға болады.
1080p FaceTime HD камерасы: FaceTime бейне қоңырауларын шалыңыз немесе суреттер мен бейне түсіріңіз. Камера жүйесі жоғары сапалы бейнені және күшті көмескі жарық көрінісін қамтамасыз етеді. Камераның жанындағы жасыл индикатор шамы жанып тұрса, камераның қосулы болғаны. macOS жүйесінің пайдаланушы нұсқаулығындағы FaceTime және Mac компьютерінде кірістірілген камераны пайдалану бөлімдерін қараңыз.
Динамиктер: M2 чипі бар 15 дюймдік MacBook Air компьютерінде екі твитерден және күшті басатын вуфердің екі жинағынан тұратын алты динамикті дыбыс жүйесі бар. M2 чипі бар 13 дюймдік MacBook Air компьютерінде екі твитерден және екі күшті басатын вуферден тұратын төрт динамикті дыбыс жүйесі бар. Екеуімен де иммерсивті дыбыс тәжірибесін Dolby Atmos арқылы фильмдер мен музыканың Spatial Audio қолдауымен тыңдаңыз.
Touch ID (қуат түймесі): MacBook Air компьютеріңізді қосу үшін басыңыз (немесе жай ғана қақпақты көтеріңіз). Mac компьютеріңізді Touch ID түймесін басу арқылы да құлыптауыңызға болады. Бірінші рет іске қосқанда немесе қайта іске қосқанда құпия сөзіңізді теру арқылы кіруіңіз керек. Touch ID функциясын орнатқаннан кейін құпия сөзіңізді терудің орнына (бірінші кіргеннен кейін) түртумен түпнұсқалықты растай аласыз және Touch ID идентификаторын Apple Pay сатып алулары үшін пайдалануыңызға болады. MacBook Air компьютеріне арналған Magic Keyboard бөлімін қараңыз.
Микрофондар: Достарыңызбен сөйлесіңіз немесе дыбысты үш кірістірілген микрофонмен жазыңыз.
Force Touch тақтасы: MacBook Air компьютеріңізді сенсорлы тақта қимылдармен басқарыңыз. Бүкіл тақта беті кез келген жерді оңай баса алуыңыз үшін түйме ретінде әрекет етеді. Қимылдарды пайдалану туралы қосымша мәліметтерді MacBook Air trackpad бөлімінен қараңыз.